Current Date: 04-07-2025

Алматылықтарға жылуға кеткен 74 млн теңгеден астам қаражат қайтарылады

Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымына сыртқы ауа температурасының нақты көрсеткіштерін ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жылумен жабдықтау саласында қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері жылу есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылу энергиясына төлемді қайта есептеді. Жалпы қайтарылатын сома – ҚҚС-ты қоса есептегенде 74,19 миллион теңге.

"Қайта есептеу нәтижесінде қайтарылатын сома тұтынушылардың жеке шоттарында "жылу" жолында аванс ретінде көрсетіледі. Бұл сома 2025–2026 жылғы жаңа жылыту маусымында немесе 2025 жылдың соңына дейінгі күнтізбелік жыл ішінде ескеріледі", – деп хабарлады департамент 4 шілде күні.

Бұған дейін Алматыда Райымбек даңғылының бір бөлігі уақытша жабылатындығын жазғанбыз.