2025 жылғы 4 шілдеде Ақтөбе қаласының №2 соты адам ағзасын заңсыз сату әрекеті бойынша айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады. Сот шешімімен ол рақымшылық актісі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылды, деп жазады Ақтөбе соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Сот 2025 жылдың сәуір айында сотталушы әлеуметтік желіге өзінің бір бүйрегін сату туралы хабарландыру орналастырғанын, Ақтөбе қаласының тұрғынынан бүйректі сатып алуға ұсыныс келіп түсіп, сотталушы бүйрегін 20 млн теңгеге бағалап, медициналық тексерістен өту үшін Ақтөбе қаласына келуге келісім бергенін анықтады. Қажетті медициналық тексеруден өткеннен кейін сотталушы 7,5 млн теңге сомасын алған кезде ұсталған.
Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, рақымшылық актісі негізінде қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Прокурор өтінішхатты қанағаттандыруын сұрады. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталды. Сот қаулысымен сотталушы ҚК-нің 78-бабының 1-бөлігінің "ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 2025 жылғы 23 маусымдағы Заңының 2-бабының 1-тармағының 2)тармақшасының негізінде рақымшылық жасау туралы актісіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Қылмыстық іс жүргізу Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 1-бөлігінің 3) тармағының негізінде тоқтатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.