Танымал қазақстандық кинорежиссёр, сценарист, еңбек сіңірген қайраткер Сламбек Тәуекел өмірден озды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі кинорежиссёр, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" және "Құрмет белгісі" ордендерінің иегері Сламбек Тілеуқабылұлы Тәуекелдің дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне қайғыра көңіл айтады", — делінген министрлік хабарламасында.
Сламбек Тілеуқабылұлы – қазақ киноөнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Тарихи-көркем фильмдердің бірқатарын дүниеге әкелген кәсіби режиссёр, білікті сценарист әрі продюсер ретінде ұлттық руханияттың өркендеуіне еңбек сіңірген өнер қайраткері. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, жас мамандардың тәрбиесіне де зор үлес қосты.
"Отандық кино тарихында, өнер мен мәдениет шежіресінде жарқын із қалдырған ардақты азаматтың ғибратты ғұмыры халқының жадында мәңгілік сақталады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!", — деп жазды министрлік өкілдері.