Current Date: 14-03-2025

Маңғыстаулық Ұштап Құрманбаева 35 жыл өмірін теміржол саласына арнаған

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Маңғыстаулық Ұштап Құрманбаева 35 жыл өмірін темір жол саласына арнаған. Жол жөндеп, ауыр жұмыстар істеген жанды көпшілік ерге бергісіз қайратты әйел ретінде біледі. Кейіпкеріміз зейнет жасына таяса да, әлі теміржолда тынбай еңбек етіп жүр.

Ұштап Құрманбаева теміржолдан ақау анықтаса, осылай әріптестерін көмекке шақырады. Мысалы, рельстің болты босап қалған болса, 3 рет белгі береді. Көмек келгесін, босаған жерді қатайтып шығады. Өйткені теміржолда жалғыз жұмыс істеуге болмайды, дейді ол. Осылайша күніне ары-бері 12-13 шақырым жүріп, жолды тексереді.

Ұштап Құрманбаева, жол қараушы:

Теміржолдың жұмысы қиын жұмыс. Шпал ауыстырасың, шпал ауыстыру да оңай емес. Адам басына 5 шпалдан береді. Әйел болсақ та, ер адамдармен иық тіресіп жұмыс істеп, 5 шпалымызды ауыстырып жүрдік.

Тұтқабай Оңғаров та теміржолда ұзақ жылдан бері еңбек етеді. Ол әріптесі Ұштап Құрманбаеваның 75 келі шпалдарды жалғыз өзі көтергенін талай көрген. Сол кезде-ақ оның қажыр-қайратына таң қалғанын айтады.

Тұтқабай Оңғаров, учаске бастығы:

Пойызды тоқтатып, 6 сағатта біз әр учаске 100 метрден 500-600 метр рельс аударамыз. Ер адам сияқты жұмыс істейді, шпал аударғанын, балға ұрғанын сонда көргенмін. Сонда шошып кеттім, мынау әйел ме, ер адам ба деп.

Ұштап Құрманбаева 25 жасында жол жөндеуші болып жұмысқа орналасқан. Содан бері Маңғыстау жол дистанциясында еңбек етеді. Бүгінде 4-разрядты маман. Компания кейінгі жылдары әйелдерге 7 келіден артық көтеруге болмайды деген талаппен жұмысты жеңілдеткен. Бірақ еңбекқор әйел ер азаматтардың қатарында жалғыз өзі әлі күнге дейін тынбай еңбек етеде.

Мәрлен Көктеубаев, Маңғыстау жол дистанциясының бас инженері:

Ер адаммен кәдімгідей иық тіресіп, норманы орындайтынды. Шпалды ауыстырады. Дистанцияның бағыттама бұрмаларының тазалығы, кешегі боранды күнде қарды тазалау, жолаушылардың уақытында келіп, уақытында кетуіне осы апамыздың үлесі өте зор.

Ұштап Құрманбаева биыл 60 жаста. Бар күш-қуатын теміржол саласына арнаған жан келесі жылы зейнетке шықпақ.

Аягөз Оралбайқызы