Елдегі 6 жасқа дейінгі балақайлардың 17 пайызы интернет арқылы зат сатып алады.
Мәжілісте халық қалаулысы Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желінің зардабын сөз етіп, қорқынышты статистикалық деректер келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, бұл – жаһандық мәселе. Әрі кейбір елдер әлеуметтік желіге шектеудің түр-түрін жасап та жатыр. Сондықтан, еліміз де осындай қадам жасауы шарт.
– Қазір әлеуметтік желілер адамның өміріне етене енгені соншалық, "Көп лайк жина – жетістікке жет, көпке пайдаңды тигіз – "подпискаға" қосыл", "Лайк – көңіл көтереді, бірақ мақсатқа жеткізбейді" деген қанатты сөздер қалыптасып үлгерді.
Бұл – төрткүл дүниеге дамыл қақтырып отырған мәселе. Әлемдік деңгейде белгілі психологтар Жан Твенге, Джонатан Хайдт, Шерри Теркл, Николас Карр, Адам Альтер әлеуметтік желі жастар арасында депрессияны күшейтіп, назар аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудырып, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін дәлелдеп, авторлық кітаптарын жазды.
Әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз, – деді ол.
Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы сауалнама жүргізген еді. Мұны Жарқынбек Амантайұлы мысалға келтірді. Зерттеуде Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар екені анықталған. Оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізеді екен.
– Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы – Instagram-ды белсенді пайдаланады.
Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді. Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды.
4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы сатып алулар жасайды. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп ғана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті, – деді Жарқынбек Амантайұлы.
Бүгінгі күні Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алған.
Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа ұшырайды. Гонконг Қытай университетінің зерттеулері бойынша, интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіші 2,5 есе жоғары болып тұр.
– Бүгінде әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады.
Атап айтсақ, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасын ұсынылды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді, – деп қоса кетті депутат.
"Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет" деген Жарқынбек Амантайұлы бірнеше ұсынысын да айта кетті.
1. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет.
2. Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
3. Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын.
4. Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет.