Current Date: 14-03-2025

Қызылорда қаласында браконьерлер ұсталды

Полицейлер оларды тоқтатуға әрекет жасаған кезде күдіктілер заңды талаптарға бағынбай, аула арқылы қашуға тырысқан.

Қызылорда қаласында "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК инспекторлары, Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері және табиғат қорғау полициясы бірлесіп жүргізген рейдтік және жедел іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз аң аулау, сондай-ақ жануарлардың бөлшектері мен дериваттарын сақтау фактілері анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен мәлім еткеніндей, арнайы рейд барысында "Volkswagen Crafter" автокөлігіндегі үш адам ұсталды.

Көлікті тексеру барысында сыртқы белгілері бойынша ақбөкенге ұқсас 39 бас бөлшектелген жануар ұшасы табылды.

– Кейіннен ұсталғандардың байланыстары тексеріліп, Қызылорда қаласындағы үйлердің бірінде тінту жүргізілді. Нәтижесінде киікке ұқсас, ішкі мүшелері тазартылған 84 жануардың ұшасы, сондай-ақ терілері тәркіленді. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен тағы үш жергілікті тұрғын ұсталды. Осы фактілер бойынша ҚК 339-бабына сәйкес қылмыстық істер қозғалды, – деп хабарлады ведомстводан.