Бұл туралы жергілікті БАҚ жазды.
"Барселона" футбол клубы Конго Демократиялық Республикасымен 4 жылға созылатын ірі демеушілік келісімшартқа қол қоймақшы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оған сәйкес, каталондық клуб жыл сайын 11 миллион еуро, жалпы сомасы 44 миллион еуро алады. Бұл туралы жергілікті Mundo Deportivo басылымы хабарлады.
Келісім аясында "Барселонаның" негізгі құрамының жейдесінде "Конго Демократиялық Республикасы – Африканың жүрегі" атты жазу мен елдің туризмін насихаттайтын логотип болады. Маусым айында осыған ұқсас келісімді Францияның "Монако" клубы да африкалық елмен жасады.
Бұл демеушілік келісім "Барселонаның" қаржылық фэйр-плей ережелерін сақтауына көмектеседі деп күтілуде. Бұған дейін УЕФА бұл клубқа 12 миллион еуро көлемінде айыппұл салған еді.
Конго Демократиялық Республикасы – әлемдегі кобальттың ең ірі өндірушісі. Сонымен қатар бұл ел басқа да пайдалы қазбалар көп өндіреді. Бірақ та, елдегі кобальттың шамамен 20%-ы қарапайым әдіспен өндіріледі. Еуропарламенттегі тыңдауларда бұл шахталарда "балалар еңбегі пайдаланылады" деп бірнеше рет айтылған.
"4 жастан асқан балалар күніне 12 сағат жұмыс істеуге мәжбүр. Олар бұл үшін 10 цент қана алады және үнемі зорлық-зомбылық қаупіне тап болады", – делінген тыңдауларда.
Бала құқықтарын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдардың дерегінше, 2024 жылы Конго шахталарында 4-10 жас аралығындағы 7,5 миллионға жуық бала жұмыс істеген.
2020 жылы Конго билігі балалардың құқығын қорғау үшін шаралар қабылдауға уәде бергенімен, құқық қорғау ұйымдары содан бері жағдай өзгермегенін хабарлады.