Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Жаңалықтар

Жедел жәрдем шұғыл шақыруға 8,8 минутта жетеді – ДСМ

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Бірінші жартыжылдықта жедел медициналық көмек қызметі 4 млн-нан астам шақыруға қызмет көрсеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Министрлік кеш орындалған шақыртулардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық – 4,3%-дан 2,6%-ға дейін төмендегенін айтады.

“Инсульт және инфаркт сияқты өмірге қауіп төндіретін жағдайларда шұғыл көмек барған сайын жедел көрсетілуде. Қалалардағы инсультпен ауыратын науқастардың 98%-ға жуығы алғашқы 40 минут ішінде өмірді сақтау және функцияларды қалпына келтіру үшін маңызды “алтын сағат” шегінде мамандандырылған орталықтарға жеткізілді. Сондай-ақ, бригадалар жедел миокард инфарктісімен 14 мыңнан астам шақыруға қызмет көрсетті”, – делінген ДСМ хабарламасында.

Шақырулардың негізгі себебі: тыныс алу ағзаларының аурулары, жүрек-қан тамырлары және неврологиялық аурулар, жарақаттар, улану, инфекциялық және акушерлік жағдайлар.

Ел бойынша шұғыл қызметтің жұмысын 1 579 көшпелі бригада қамтамасыз етеді, оның ішінде қалаларда 979 бригада, ауылдық жерлерде 600 бригада жұмыс істейді. Қосымша емханалардың жанынан шұғыл 3-4-санаттағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 882 бригада ұйымдастырылған.

Қызметтің кадрлармен қамтылуы 86,5%-ға жеткен. Оның ішінде дәрігерлердің үлесі 77,4%-ға дейін өскен.

Жедел жәрдем паркінде 2469 көлік бар. Жарты жылдың ішінде өңірлерге, оның ішінде МЖӘ және лизинг тетіктері арқылы 84 жаңа автомобиль сатып алынды.