Қостанайда «Тобыл» ірі көлік-логистика кешенінің құрылысы басталды. Ірі инфрақұрылымдық жоба – Еуразиялық транзиттің Қазақстандағы негізгі нүктесіне айналмақ. Қытай, Орталық Азия, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропаны байланыстыратын халықаралық көлік дәліздеріне жол ашады. Кедендік рәсімдеу, терминалдар, қоймалар, IT және сервистік аймақтар бір жерде орналаспақ. Жүк бақылаудың сандық жүйесі де қарастырылған.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Бұл жоба арқылы ауылшаруашылығы саласын кеңейту мүмкіндігі де туады. Температураны реттейтін қоймалар болса, өсімдік шаруашылығы мал шаруашылығының дамуына зор ықпал етеді. Сондықтан жемді жоғары сапада өңдеп, өндіру мал басын көбейтіп, экспорттауға жол ашады. Ол үшін арнайы бағдарлама болуы шарт.
Кешеннің жалпы ауданы 133 гектар, ал жобалық қуаты жылына 400 мың жиырма футтық контейнерге дейін жетеді. Биыл Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 17 млн-ға жуық тонна көрсетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артық. Ал логистикалық кешен іске қосылса, көрсеткіш айтарлықтай өседі. 500-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Айдын Әлімов, «Тобыл» КЛК директоры:
Жобаға тартылған инвестиция көлемі 64 млрд теңге. Нысан ауқымды болғандықтан, құрылысын кезең-кезеңімен 2027 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Алдымен теміржол және контейнер терминалдары салынады. Мұны ірі құрғақ порт деп атауға да болады.
Мәдина Нағашыбай