Бүгін Астанадағы сот экс-дипломат Сәкен Мамашты 6 жылға бас бостандығынан айырды. Оның бұрынғы жұбайы Карина Мамаш үкімге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Карина Мамаштың айтуынша, бұрынғы күйеуі кінәсін мойындамаған, манипуляция жасап, қысым көрсеткен.
"Шыны керек, айту қиын. Бірақ бұл адам соңына дейін кінәсін мойындамады, манипуляция жасап, жылдар бойы, бүкіл процесс кезінде қысым көрсетті. Бұл кек алу емес, бұл әділдік. Ол адам сезінер, түсінеді деп үміттенемін. Мен ескерткенде, ол тек күлетін", – деді Карина үкімнен кейін журналистерге.
Ол сот процесі кезінде қолдау білдірген барлық адамға алғысын білдірді.
"Мен адвокаттарға, дағдарыс орталықтарына, қорға үлкен рақмет айтқым келеді… Олардың алдында қарыздармын. Әрбір қазақстандыққа, әрбір әйелге, анаға, балаға қолдағандары үшін мың алғыс. Жай ғана көшеде танып, құшақтап, демеу көрсеткен адамдарға, бәріңізге рақмет. Әрбір пікір үшін, бүкіл медиаға алғыс, бәрін оқимын, бәрін көремін. Мен өткерген жайттарды сөзбен жеткізу қиын. Өз парақшамда да көп нәрсе жарияламадым", – деді Мамаш.
Карина Мамаш әйелдерді зорлық-зомбылыққа төзбеуге шақырды.
"Зорлыққа ешқашан төзіп жүрмеңіздер. Егер сізді жақсы көрсе – ұрмайды. Қауіп бар жерден қашыңыздар. Қашыңыздар, көмек сұраңыздар, тығырықтан шығар жол әрқашан бар. Біздің елде осындай дағдарыс орталықтары, шын ниетімен көмектескісі келетін адамдар бар кезде, әділдік жеңеді", – деді ол.
Каринаның айтуынша, бұрынғы күйеуі оны балаларымен бірге баспанасыз қалдырған және алимент төлемеген. Сондай-ақ, ол Сәкен Мамаш оның үнсіздігін сатып алмақ болғанын айтты.
"Ол адам менің үндемегенім үшін үш пәтер ұсынды, бірақ мен оған бір нәрсе ғана айттым – ешқандай шаршы метр үшін де… Мен далада қалған жоқпын, жұмыс істеймін, табыс табамын", – деді әйел.
Карина бұрынғы күйеуінің туыстары оның сән-салтанатпен өмір сүріп жатыр деген сөзіне де жауап берді.
"Оның бәрі – жалған. Менің үш қатар гауһар тасты әшекейлерім бар деген пікірлерді оқыдым. Бірақ менде үш қатар гематома ғана болған", – деп жауап берді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз