Алматыда Қытайдан заңсыз тауар тасымалы және жалған шот-фактура рәсімдеу ісі бойынша сот үкімі шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекетке келген шығын көлемі 10 миллиард теңгені құрайды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Контрабанда және жалған құжаттар
Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті анықтағандай, Group of the Companies TDA ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола отырып, Қытайдан халық тұтынатын тауарларды заңсыз әкелуді ұйымдастырған. Контрабандалық жолмен 100-ден астам контейнер кіргізілген.
Сонымен қатар компания өзіне бағынысты 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар рәсімдеген. Бұл қадам оларға қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік баж салығынан жалтаруға мүмкіндік берген. Жалпы салықтан жалтару көлемі шамамен 10 миллиард теңгені құраған.
Шығынды өтеу және тәркілеу
Тергеу барысында бюджетке 643 миллион теңге ерікті түрде қайтарылған. Сонымен қатар, сот шешімімен 1,3 миллиард теңгеге бағаланған тауарлар, 300 миллион теңге тұратын жер телімдері, автокөліктер, багги және шатырлар тәркіленді.
Қосымша 47 серіктес компания TDA ЖШС-мен өзара есеп айырысулардан бас тартып, мемлекетке 240 миллион теңге көлемінде салықты өз еркімен төлеген.
Сот үкімі
Алматы қаласы Алмалы аудандық соты істің қатысушыларын кінәлі деп танып, оларды 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Ал тергеуге қатысы бар бір тұлғаға халықаралық іздеу жарияланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз