Оқушы саны азайған соң Батыс Қазақстан облысында бірқатар ауыл мектептері жабылуы немесе қайта ұйымдастырылуы мүмкін. Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, тізімге 13 мектеп енген . Олардың төртеуі шекара маңында орналасқан
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Білім басқармасының мәліметінше:
4 бастауыш мектепті жабу жоспарланған және 7 негізгі мектептің статусы бастауышқа дейін төмендетіледі. 5 орта мектеп негізгі мектепке айналуы мүмкін.
Жабылуы мүмкін бастауыш мектептер:
Ақжайық ауданы:
– Ақбұлақ бастауыш мектебі (3 оқушы),
– Тоған бастауыш мектебі (4 оқушы),
– Тегісжол бастауыш мектебі (4 оқушы);
Тасқала ауданы:
– Бастау бастауыш мектебі (4 оқушы).
Негізгі мектептен бастауыш мектепке айналатындар:
Ақжайық ауданы:
– Мойылды негізгі мектебі (34 оқушы),
– Тінәлі негізгі мектебі (29 оқушы),
– И.Тайманов атындағы негізгі мектеп (34 оқушы);
Бәйтерек ауданы:
– Чиров негізгі мектебі (22 оқушы),
– Кирсанов негізгі мектебі (21 оқушы);
Теректі ауданы:
– Қызылжар негізгі мектебі (24 оқушы);
Шыңғырлау ауданы:
– Жаңатұрмыс негізгі мектебі (34 оқушы).
Орта мектептердің де мәртебесі төмендеуі мүмкін:
Бөкей ордасы ауданы:
– Т.Масин атындағы орта мектеп (70 оқушы);
Жаңақала ауданы:
– Х. Нұрмұғалиев атындағы орта мектеп (75 оқушы),
– Абай атындағы орта мектеп (71 оқушы);
Жәнібек ауданы:
– Ғ.Қараш атындағы орта мектеп (72 оқушы),
– Ғ.Сарбаев атындағы орта мектеп (54 оқушы).
Шекара маңындағы 4 мектеп те тізімде:
Бәйтерек ауданы: Чиров, Кирсанов мектептері;
Жәнібек ауданы: Ғ.Сарбаев атындағы мектеп;
Шыңғырлау ауданы: Жаңатұрмыс мектебі.
Бұл оқу орындары Білім министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейді.
Құжатқа сай, бастауыш мектепте – кемінде 5, негізгіде – 41, ал орта мектепте – 81 оқушы болуы тиіс, – делінген басқарма хабарламасында.
Оқушылар қайда барады?
Білім басқармасының мәліметінше, мектептер жабылған күннің өзінде білім беру процесі тоқтамайды. Оқушылар жақын маңдағы мектептерге тасымалданады, қажет болса, интернатта орналастырылады.
Ауыл мектептерін сақтау үшін не істеліп жатыр?
Әкімдіктің айтуынша, ауыл мектептерін сақтау бойынша кешенді шаралар қабылдануда.
«Қала – ауыл» пилоттық жобасы аясында көпбалалы отбасыларды ауылға көшіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауылдарда тұрғын үй салынып, жол жөнделуде, жұмыс орындары мен қосалқы шаруашылық жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына мансап орталығы арқылы өтеусіз гранттар ұсынылады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылға 104 отбасы (519 адам), оның ішінде 326 бала көшіп келді. Ал 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін тағы 12 отбасы (48 адам), оның ішінде 27 бала қоныс аударды, – деп мәлімдеді БҚО әкімдігі.
Соңғы шешім – тамызда
Білім басқармасының айтуынша, мектептерді жабу немесе қайта ұйымдастыру туралы түпкілікті шешім 2025 жылғы тамызда қабылданады. Қазір тізімдегі мектептердің барлығы шағын жинақты білім ордалары саналады.