Current Date: 21-07-2025

Елімізде кімдердің зейнетке ерте шыға алатыны белгілі болды

Қазақстанда кей санаттағы азаматтар ерте зейнетке шығу құқығына ие.

Мұндай тосын жаңалықты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Анель Шенеева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, мұндай мүмкіндік 2024 жылдың 1 қаңтарынан бері жүзеге асып келеді.

– Бүгінде Қазақстанда ер адамдар үшін жалпы белгіленген зейнеткерлік жас – 63, әйелдер үшін – 61 жас. Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекске сәйкес, 8 жасқа дейінгі 5 және одан да көп бала тәрбиелеген әйелдер 53 жаста зейнетке шыға алады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғауын арттыру мақсатында арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындау көзделген. Аталған төлемді 55 жасқа толып, кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын төлеген азаматтар алуға құқылы. Осылайша, бұл санаттағы жұмысшылардың зейнет жасына жеткенге дейінгі зиянды жағдайы бар жұмыстан шығуға және арнайы әлеуметтік төлем алу құқығы бар, – деп нақтылап өтті Анель Шенеева.

Сонымен қатар, министрлік өкілі құқық қорғау органдарының қызметкерлері де еңбек өтіліне қарай зейнетке ерте шыға алатынын еске салды. Мұны қызметкер еңбек өтілі бойынша жұмыс істейтін бөлімге байланысты тиісті мемлекеттік органдар жүргізеді.