Республикалық маңыздағы А 17 автомобиль жолының «Жезқазған– Қызылорда » бағытындағы учаскесі жаңғыртылып жатыр.
Қазір жолға асфальт бетон төсеу жұмысы басталды. Өңір үшін стратегиялық маңызды жобаны бірнеше халықаралық құрылыс компаниясы жүзеге асырады. Жолды жаңғырту тауар айналымы мен жолаушылар тасымалын арттырады, дейді мамандар.
Жезқазған-Қызылорда тасжолы еліміздің орталық өңірлерін оңтүстікпен байланыстырады. Бұл Ұлытау облысы үшін экономикалық және әлеуметтік тұрғыда маңызды жоба. Ұзақ жыл жөндеу көрмеген тасжолдың күйі кетіп, соңғы жылдары көлік қозғалысы қиындаған еді. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын тасжолдың 208 шақырымы Ұлытау облысының аумағынан өтеді.
Жобаны 4 халықаралық құрылыс компаниясы жүзеге асырады. 900-ге жуық жұмысшы тартылған. Олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Құрылыс алаңдарында уақытша бекеттер мен бірнеше асфальтбетон зауыты салынды. Жұмыс кестеге сай жүргізлуде.
Джоу Гуэй Сюнь, мердігер мекеме өкілі:
- Біздің учаскеде жолдың негізгі қабаты төселіп жатыр. Ол ірі түйіршікті асфальтбетоннан тұрады. Сонымен қатар жеті су өткізгіш құрылым салынды. Көпір құрылысына дайындық басталған. Қазіргі таңда жұмыстың 30 проценті аяқталды. Жыл соңына дейін 25-30 шақырым жолға асфальтбетонның екі қабатын толықтай төсеуді жоспарлап отырмыз.
Жауаптылар жол сапасы басты назарда дейді. Құрылыс материалдары жеткілікті, ал жұмыс барысын мамандар бақылап отырады.
Бекбау Слямшаихов, «Қазавтожол» ҰК АҚ филиалы директорының орынбасары:
- Мердігер мекемелердің бәрінде өздерінде зертханалар бар. Бүкілі заманауи зертханалар аккредитация, аттестациялардан өткен. Бірінші кезекте мердігер мекемелер өздерінің базасында зертханадан зертеулер жүргізеді, одан кейін техникалық қадағалау мекемесі бар олар зерттейді. Одан кейін бізде Ұлттық сапа орталығы, жол активтері бар.
Жобаның жалпы құны — 108 миллиард теңге. Жаңғыртудан кейін жолдың екі жиегі кеңейіп, санитарлық-гигиеналық тораптар мен ауыр жүк көліктеріне арналған автоматтандырылған өлшеу жүйелері орнатылады. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қарлығаш Қасиетова, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов