Current Date: 01-08-2025

Үкімет Қызылорда облысындағы егін алқаптарын сумен қамтуға 1 миллиард теңге бөлді

Облыс әкімдігі "Қазсушар" РМК-нің Қызылорда филиалымен бірлесіп, арнайы мониторинг тобын жасақтады.

Қызылорда облысында егін алқабын сумен қамтуға 1 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет резервінен бөлінген ақша 53 жылжымалы дизельді сорғы стансасын сатып алуға жұмсалуы қажет. Соның арқасында магистральді арналарда су деңгейі төмен болғанда 6 мыңнан астам гектар жерді суарып тұруға мүмкіндік болады.

"Қазіргі кезде облыста 126,4 мыңнан астам гектар жерге суармалы егін егілген. Соның 82,4 мың гектары – күріш. Барлығына 2,5 миллиард текше метр су қажет болады", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Астанадағы көлік кептелісімен күрес. Үкімет қандай үш бағытқа басымдық беріп отыр


Облыс әкімдігі "Қазсушар" РМК-нің Қызылорда филиалымен бірлесіп, арнайы мониторинг тобын жасақтады. Сырдариядан келіп жатқан су көлеміне қарай бес магистральді және үш шаруашылықтар аралығындағы арналарға су беру кестесі бекітілді.