Current Date: 01-08-2025

Президент СҚО әкімін қабылдады

Сондай-ақ Президент Солтүстік Қазақстан облысының әкімін қабылдады. Ғәуез Нұрмұхамбетов өңірдің биылғы алғашқы жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Аймақта майлы және мал азығы дақылдарының көлемі ұлғайып, тұқым жаңарту деңгейі 11,2 пайызға жеткен. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатыр. «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында шаруаларға 97 миллиард теңге бөлініпті. Бұл былтырғыдан 24 пайызға көп. Солтүстік Қазақстан сүт өндірісі бойынша ел көлемінде алғашқы үштікке кірген. Облыс басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Жыл соңына дейін 332 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Қазірдің өзінде 5 көпқабатты үй тапсырылды, тағы 11 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Кездесу соңында Мемлекет басшысы алдағы жиын-терін науқанына дайындықты пысықтау қажеттігін айтты . Сондай-ақ Петропавлдағы 2-жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын жылдам аяқтауды тапсырды.

Ғәуез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:

Инфрақұрылым да жақсарып келеді. Жолдар жөнделуде. Ауылдар ауыз сумен қамтылуда. Қыс маусымына дайындық аясында жаңа мұржа іске қосылды. Жылу электр орталығында жабдықтар жөнделуде. Мемлекет басшысы облысты дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.
Ернұр Медет