Current Date: 01-08-2025

Алматының таулы аймағында өрт қаупі сейілмей тұр

Осыған орай Іле Алатауы ұлттық паркінде мобильді патрульдер күшейтілді .

Сондай-ақ қызыл жалын өршу қаупі жоғары учаскелерде, тәулік бойы жедел топтар кезекшілікке шықты. Биыл Іле Алатауында жауын-шашынның аз болуына байланысты шөп ерте қурай бастаған. Қазіргі уақытта қалалық төтенше жағдайлар департаментінің барлық құрылымдары, жоғары дайындық жағдайына көшті. Өрттің алдын алу бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, жаз маусымы басталғалы бері қалада 300-ден аса құрғақ шөптің жануы тіркелді. Ең ірі өрт 25 шілде күні Медеу ауданының Кеңсай — 1 аймағында болды. 15 гектар аумаққа жайылған тілсіз жауды сөндіруге, үш жарым сағаттан аса уақыт кеткен. Өрт қаупін азайту үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды, дейді мамандар.

Константин Канин, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Орман аумақтарын барлау барысында заманауи құрылғылар белсенді түрде қолданылады. Демалыс үшін 5 негізгі бағыт анықталған. Сонымен бірге халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерінің негізгі талаптары мен шараларын жеткізу үшін арнайы хабарлау автокөліктері де белсенді түрде жұмылдырылуда.