Current Date: 02-08-2025

Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерін марапаттады

Қазақстанды аймақтағы транзиттік хабқа айналдыру жұмыстары күшейе түседі. Көлік саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазір әуе, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша іске асырылып жатқан жобаларға тоқталған Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

Еліміздің әр аймағынан келген көлік саласының қызметкерлері бүгін алғаш рет Ақордаға жиналды. Құрмет қарауылы сап түзеп, оларды салтанатпен қарсы алды.

Мемлекет үшін көлік саласының стратегиялық маңызы айрықша. Онсыз экономика тұралайды. Сондықтан қызметкерлерге көрсетілетін құрмет те ерекше. Қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдары белсенді түрде дамып келеді. Логистика орталықтары және қоймалар салынуда. Темір жол құрылысы жанданып жатыр. Осындай маңызды шаралар сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті болуы керек. Сол себепті, алдағы уақытта еліміздегі темір жолдың ұзындығын едәуір арттыру көзделіп отыр. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаңғырту жоспарлануда.

Шәмкен Әшімов — теміржолшылар династиясының өкілі. Өз жұрты да, нағашы жұрты да осы саланың мамандары. Енді немерелерім отбасылық дәстүрімізді жалғаса деген тілегі бар. Өзі 30 жылдан бері жолсерік болып жұмыс істейді. Кешегі мен бүгінді салыстырған ол, саланың қарқынды дамып келе жатқанын айтады.

Шәмкен Әшімов, жолсерік:

95-жылдардағы вагондарды қазіргімен салыстыруға келмейді. Бұрын ескі вагондармен жүретінбіз. Қазір кондиционер, микротолқынды пеш, тоңазытқыш бар. Купе вагондарда теледидар орнатылған. Пеш те көп жағылмайды, себебі 3000 вольттық жоғары қуат бар. Біз үшін ең бастысы – тазалық пен жолаушылармен сыпайы қарым-қатынас.

Президент машина жасау, әуе қатынастарын дамыту салаларына да ерекше тоқталды. Қазір Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайлардың құрылысы басталып, Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Алдағы маңызды міндет – әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналдыру. Автомобиль жолдарына қатысты да атқарылып жатқан шаруа орасан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, «Жол – тіршілік көзі, жол бар жерде қайнаған өмір бар» деп бекер айтылмаған. Осы нысандардың игілігін ең алдымен халық көреді. Сапалы жол азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, Қазақстанда көлік-транзит саласы қарқынды дамуда. Бұл – өздеріңіз сияқты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Қазір осы салада 770 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздер адал қызмет етіп, елімізді көркейтуге мол үлес қосып жүрсіздер. Мен бүгін барлық көлік саласы қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.

Былтыр 7 мың шақырым автокөлік жолы пайдалануға берілді. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахан бағытындағы күре жолдар жаңғыртылды. Жергілікті көлік жолдары да жөнделіп жатыр. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет іске асырылып жатыр.

Әбдіәшім Шалқаров, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» ақ жетекші ғылыми қызметкері:

Қазір ірі жобалар әзірленіп жатыр. Олар халықаралық және қалааралық қатынасты жиілетіп, экономиканың дамуына зор үлес қосады деп ойлаймыз.

Шара барысында еліміздің көлік саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 50-ден астам азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Ардагер теміржолшы Қалтай Сәмбетовке табысталған «Қазақстанның еңбек ері» атағы көлік саласының қызметкеріне алғаш рет беріліп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Логистика ел экономикасының қозғаушы күші, күретамыры. Теміржол, автомобиль және әуе жолымен жүктердің уақытылы жеткізілуі нарықтың ғана емес мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Әрбір тасымалданған жүк экономикаға серпін беріп, сауданы жандандырады. Бұл жүктермен қатар елге білім, технология, мәдениет қатар келеді. Сондықтан логистика тек тасымал емес ел экономикасының дамуына салынып жатқан даңғыл жол.

Оңғар Алпысбайұлы