Current Date: 02-08-2025

Ақтауда Орталық Азия елдерінің экология министрлері бас қосты

Ақтауда 2026 жылы өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық аясында, Орталық Азия елдерінің экологиялық ведомстволары министрлерінің кездесуі өтті. Шараға еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Тәжікстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы, Өзбекстан Республикасының Экология министрі және Қазақстандағы БҰҰ-ның өкілдері қатысты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Шараға Қырғыз және Әзербайжан елдерінің экология, климат мәселесі жөніндегі арнайы өкілдері онлайн форматта қатысып, пікірлерін ортаға салды. Кездесу барысында тараптар Өңірлік Экологиялық Саммит-2026 шеңберіндегі тұжырымдама мен көрме жобасын, сондай-ақ, жаңартылған тұжырымдама мен өңірлік бастамаларды талқылады. Орталық Азия елдері экологиялық ведомстволары министрлерінің кездесуіне арналған негізгі іс-шаралардың бірі — жасыл стартаптар көрмесі ұсынылды.

Ержан Нұриденов, Стартап жоба жетекшісі:

Мен күн мен желден энергия өндіретін қондырғының таныстырылымын өткіздім. Бүгін Ташкенттен келген өзбекстандық министрлер бұл қондырғыға қызығушылық танытты. Оның ерекшелігі – күн мен желден энергия алып, астындағы станцияда телефон мен смартфонды, тіпті электромобильдерді де зарядтауға және үйді жарықпен қамтамасыз етуге болады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Көрмеге қойылған стартаптар «ДЖи сип Kazakhstan Жасыл акселерация» бағдарламасына қатысатын жобалар. Олар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерге нақты технологиялық шешімдер ұсынып, Қазақстанда жасыл экономиканы қалыптастыруға ықпал етеді — дейді мамандар. Министр Ерлан Нысанбаев шараға қатысушыларды өңірлік бастамаларды жүзеге асыру мен тәжірибе алмасу бағытында күш біріктіруді ұсынды. Бұл өз кезегінде, бүкіл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Аягөз Оралбайқызы