Current Date: 02-08-2025

Теміртауда 5 жастағы бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кетті

Теміртауда көпқабатты үйдің терезесінен бес жасар бала құлап кетті. Көптеген жарақат алған ол жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қарағанды облыстық ТЖД мәліметінше, бүгін, 2025 жылғы 1 тамызда, Теміртау қаласындағы Тищенко көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер терезесінен 2020 жылы туған бала құлап кеткен.

"Алдын ала мәлімет бойынша, бала үлкендердің қарауынсыз қалған. Ол көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізілді", — делінген Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Құтқарушылар қазақстандықтарға балалардың биік қабаттағы терезеден құлауына жол бермеу үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертеді:

  • Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
  • Балалар бар пәтерлердің терезелерін арнайы қорғаныш құрылғыларымен жабдықтаңыз;
  • Терезе тұтқаларын бұғаттаңыз — бұл баланың өз бетінше терезе ашуына кедергі болады;
  • Терезеге орнатылған маса торына сенбеңіз — бала оны кедергі деп ойлап, сүйенуі мүмкін, бұл өте қауіпті;
  • Терезе немесе балкон маңына жиһаз қоймаңыз — бала сол арқылы терезе тұсына өрмелеп шығуы мүмкін.