Current Date: 11-09-2025

Абай күні Шымкентте кең ауқымды рухани іс-шаралармен аталып өтті

Шымкентте Абай күні рухани-мәдени мерекеге айналды, деп хабарлайды 24kz.

Алдымен ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оның шығармашылығын дәріптеуге арналған түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Онкүндік жоспарға сәйкес поэзиялық байқау, жыр мүшәйрасы, әдеби-танымдық кештер ұйымдастырылды. Жиынға зиялы қауым өкілдері мен мемлекет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың басшылары мен белсенді жастар қатысты.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қатысушылар ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп, «Хакім Абай» атындағы музейді аралады. Құнды жәдігерлермен танысты.

Жанар Үркімбаева, «Хакім Абай» музейінің меңгерушісі:

- Музей қоры жылма-жыл байытылып отырады. Біз Абай облысындағы «Абай-Бөрілі»музейімен бірлесе жұмыс істейміз. Абайдың атын өшірмеу, Абайды зерттеген ғалымдарды насихаттау мақсатында музейіміздің есігі қайтадан ашылды.

Рухани-мәдени мереке аясында республикалық «Абай әлемі» байқауы ұйымдастырылды. Екінші кезеңге елдің әр өңірінен 26 адам қатысып, ақынның шығармаларын жатқа оқыды. Өмірдерегінен сыр шертетін зерттеулер мен ғылыми еңбектерге тоқталды.

Жүнісбек Ромашов, байқауға қатысушы:

- Тек қана әскер қатарында жүріп қана қоймай «Абай әлемі-2025» байқауы шыққан кезде мен шыны керек, қарап қалып отыра алмадым. Онлайн форматта поэзия оқумен өтті. 3900 лайк жинап, екінші кезеңге өттім.

Жалпы байқауға 117 үміткер өтініш білдірген. Ал үш жылдың ішінде Абайдың шығармашылығына құштар түрлі саладан жүздеген адам қатысты.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл өз кезегінде болашақта сапалы ұрпақ тәрбиелеу үшін Абайды білетін, Абайды танитын, Абаймен өмір сүретін ұрпақ қалыптастыру үшін керек дүние ғой деп ойлаймыз.

Сонымен қатар Абайдың өмірі мен мол мұрасын насихаттайтын көрме ұйымдастырылды. Шығармашылығына арналған театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов