Ашық микрофон форматында өткен іс-шара барысында кәсіби және әуесқой домбырашылар күй шертті. 10 тамыз – Абай күні – Нұржол бульварында елорда ұлттық мереке рухына бөленді: қаланың мыңнан астам тұрғыны мен қонақтары ауқымды Домбыра Party-ға келді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ашық микрофон форматында өткен іс-шара барысында кәсіби және әуесқой домбырашылар күй шертіп, Абай Құнанбайұлының философиялық және поэтикалық образы ашылған әсерлі әуен әуелетті. Сонымен қатар азаматтар ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеп, өлеңдерін оқыды.
Хакімнің 180 жылдығы еліміздің барлық өңірінде атап өтілді. Республикалық жоспарға сәйкес, 100-ден астам ірі мәдени және халықаралық іс-шаралар өткізілді: өнертану форумдары, поэтикалық байқаулар, фестивальдер, спектакльдер, театрлық қойылымдар, тіпті Абай мұрасы бойынша челлендждер ұйымдастырылды, — деп жазылған хабарламада.
Бірнеше күннен бері елордадан бастап, шағын қалаларға дейін Абайдың дара дауысы естіліп тұрды. Ұрпақтар арасындағы алтын көпір іспетті тұғырлы тұлғаның өлеңдері оқылып, күйлері орындалды. Астанадағы Домбыра Party – жай ғана концерт емес, бірегей дәстүр. Онда әр қатысушы ортақ мәдениетіміздің бір бөлігіне айналып, бірлігіміз бен ұлттық рухымыздан күш-қуат алады.