Биылғы маусымда қазақстандық теннисші 6 мәрте финалға шығып отыр.
Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен жұптасып, АҚШ-тың Кливленд қаласында өтіп жатқан WTA 250 сериясындағы турнирдің финалына жолдама алды.
Жартылай финалда Данилина мен Крунич чехиялық Анастасия Децюк/Мириам Шкох дуэтін сенімді түрде 6:2, 6:4 есебімен ұтты. Кездесу 1 сағат 19 минутқа созылды. Енді финалда қазақстандық — сербиялық жұп қытайлық Тайбэй өкілі Чжань Хаоцин/қытайлық Синью Янь дуэтімен кездеседі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Анна жұптық сында Истборн турнирінің чемпионы атанды (Мария Боузковамен бірге), сондай-ақ Мерида, Лондон және Ноттингем турнирлерінде финалға шыққан. Бұған қоса, дәл осы Александра Круничпен бірге Францияның Ашық чемпионатының финалына дейін жеткен болатын.