Бұл туралы БҰҰ-ның Палестина босқындарына көмек көрсету және жұмыс ұйымдастыру жөніндегі Таяу Шығыс агенттігі (БАПОР) мәлімдеді.
Агенттік балалардың "жоғалған ұрпаққа" айналу қаупі бар екенін айтып, соғысты тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Anadolu Ajansı басылымына сілтеме жасап.
Израильдің Газадағы соғысы 23 айдан бері жалғасып келе жатқандықтан, 660 мың бала үшінші жыл бойы мектепке бара алмай отыр.
БАПОР таратқан жазбаша мәлімдемеде: "Газадағы соғыс – балаларға қарсы соғыс, ол тоқтатылуы тиіс. Балалар әрдайым қорғалуы керек", – деп атап өтілді.
Палестина Орта және Жоғары білім министрлігі 28 тамызда Батыс жағалаудағы жаңа оқу жылы қыркүйек айының басында басталатынын хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, Газада шамамен 700 мың оқушы екі жыл бойы соғыстың кесірінен оқудан қол үзген, ал 70 мың мектеп оқушысы екі оқу жылы қатарынан орта мектепке бара алмады.
Соңғы статистикаға сәйкес, 2023 жылғы 7 қазаннан 2025 жылғы 26 тамызға дейінгі кезеңде Израиль Газада 17 мыңнан астам мектеп оқушысын (бастауыш, орта және жоғары сыныптарда оқитын), сондай-ақ 1 261 университет студентін өлтірген. Сонымен бірге 25 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 2 671 студент жарақат алған.
Осы кезеңде Батыс жағалауда Израиль шамамен 108 мектеп оқушысын және 35 студентті өлтірген, 739 оқушы мен 231 студентті жаралаған, сондай-ақ 372 оқушы мен 413-тен астам студентті тұтқындаған.
Министрліктің дерегінше, Газадағы білім беру саласы қызметкерлерінің ішінде Израиль 739 мектеп мұғалімін және 226 университет оқытушысын өлтірген, 3 091 мектеп және 1 421 университет қызметкерін жаралаған.
Ал Батыс жағалауда бес мектеп мұғалімі қаза тауып, 21 адам жараланған, 182 мұғалім және 17 университет қызметкері тұтқындалған.
2023 жылғы 7 қазаннан бастап АҚШ-тың қолдауымен Израиль Газада жаппай өлтіру, аштыққа ұшырату, қиратып-жою және күштеп көшіру секілді әрекеттерін жалғастырып келеді. Ол халықаралық қауымдастықтың үндеулерін де, Халықаралық соттың шабуылдарды тоқтату жөніндегі шешімдерін де елемей отыр.
Геноцид салдарынан 63 371 палестиналық қаза тапты, олардың басым бөлігі – балалар мен әйелдер. 159 835-тен астам адам жарақат алған, 9 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Жүздеген мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Азық-түлік тапшылығынан 332 адам, соның ішінде 124 бала көз жұмды.