Абырой болғанда, сәби жарақат алмаған .
Алматының "Орбита" ықшамауданында 31 тамыз күні самокат айдаған екі жасөспірім жоғары жылдамдықпен келе жатып, нәресте отырған арбаны соққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Баланың әкесінің сөзінше, оқиға орнынан қашпақ болған жасөспірімдерді тұрғындар ұстап, полицияға тапсырған.
Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді.
Ведомствоның мәліметінше, екі жасөспірімге жеке мобильді құрылғыларды пайдалану ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелген. Сондай-ақ, олардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін шара қолданылды.
"Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмейтіні түсіндірілді", – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Ведомство құқықтық тәртіпті бұзу деректерінің назардан тыс қалмайтынын және қайталанбауы үшін әкімшілік шаралар міндетті түрде қолданылатынын атап өтті.