Сенат депутаты Геннадий Шиповских палата отырысында жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда онлайн-казино жарнамалағаны үшін блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенатордың айтуынша, жұмысшы мамандықтар жылы аясында адал еңбек ететін азаматтармен қатар, әлеуметтік желілерде оңай табыс табатын блогерлердің саны күрт артқан.
“Әсіресе онлайн-казино, жалған ұтыс ойындары, күмәнді курстар мен түрлі көмескі қаржылық схемаларды жарнамалау кең таралған. Бұл құбылыс халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына едәуір зиян келтіріп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділіктің артуына себеп болуда. Бұл отбасылық дағдарыстар мен көлеңкелі қаржы айналымының көбеюіне әкеліп соғады. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, соңғы 2,5 жылда елде 205 жасырын казино жабылып, 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған”, — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда басты қауіп шетелдік онлайн-казинолардан туындап отыр, ал олардың Қазақстан аумағында қызметіне толығымен тыйым салынған.
“Биылдың өзінде 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталса да, олар айна-сайттар арқылы жұмысын жүргізіп жатыр. Әсіресе кей блогерлердің осы заңсыз қызметті жарнамалауға қатысуы ерекше алаңдатады. Тек осы жылдың ішінде онлайн-казино жарнамалаған 34 блогер анықталып, олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 жағдай бойынша материалдар Мәдениет министрлігіне жолданған. Алайда кейбір блогерлер бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, құқық бұзушылық жасауды тоқтатар емес. Себебі әдеттегі айыппұлдар тиісті тежегіш әсерін бермей отыр”, — деді Геннадий Шиповских.
Депутаттың айтуынша, заңсыз жарнама блогерлерге миллиондаған табыс әкеледі, бұл әкімшілік айыппұлдар мөлшерінен әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар, жалған гивтер мен пайдасыз курстар бүгінде әлеуметтік желіде ең көп таралған алдау тәсілдерінің біріне айналды.
“Әдетте, мұндай гивтерде қымбат сыйлықтар немесе ақша ұтысы уәде етіледі, қатысушыларға түрлі шарттар қойылады. Алайда соңында уәде етілген сыйақылар берілмейді, ал пайда тек жазылушылар санын арттырып алған парақша иелеріне ғана тиеді. Жалған курстар адамдарға тез табыс пен жеңіл дағды үйренуді уәде етеді. Бірақ олардың басым бөлігі сапасыз, ғылыми негізі жоқ немесе мүлдем пайдасыз. Соның салдарынан адамдар уақытын да, ақшасын да жоғалтады және күткен нәтижеге жете алмайды”, — деді Геннадий Шиповских.
Осыған байланысты сенатор қазіргі әкімшілік айыппұлдармен қатар заңсыз онлайн-казино мен күмәнді гивтарды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ әлеуметтік желілерде үнемі өткізіліп тұратын ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеретін арнайы мониторинг жүйесін енгізуді ұсынды.
“Блогерлердің жарнамалық қызметін реттеу және олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында оларды лицензиялау немесе арнайы тізілім жасау қажет. Сонымен қатар, заңсыз жарнаманы таратушылармен бірге, осы қызметке жәрдемдесетін төлем ұйымдары мен жарнама агенттіктерінің қызметін де бақылау қажет. Аталған шаралар қоғамды заңсыз жарнамадан қорғауға, блогерлердің жауапсыз әрекеттерін тежеуге және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді”, — деді сенатор.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
