Current Date: 11-09-2025

Семейде кәріз құдығына түскен екі жұмысшы есінен танып қалды

Полиция қызметкерлері жұмысшыларды құтқарып қалды.

Семейде облыстық сот ғимараты маңында кәріз құдығына түсіп кеткен жылу электр орталығының үш қызметкерінің өмірін полицейлер құтқарып қалды, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.

Оқиға кезінде олардың екеуі есінен танып қалған.

Алғашқылардың бірі болып көмекке ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері – полиция старшинасы Аслан Какенов, полиция аға сержанттары Ерзат Баймулаев пен Айгерім Мұхтарбекова, сонымен қатар полиция кіші сержанты Тұрсынбек Айтқазы жеткен.

Құтқару кезінде полиция аға сержанты Ерзат Баймулаев өз өміріне қауіп төнсе де, арнайы қызметтердің келуін күтпестен арқанмен байланып, газтұмылдырық киіп құдыққа түсті. Әріптестері оны сақтандырып тұрған. Нәтижесінде естен танған екі жұмысшы жер бетіне шығарылды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Абай облысы Полиция Департаменті (@abai_department_police)

"Электриктің құлап жатқанын көрдім. Тағы екі адам барын білген соң, серіктесім газтұмылдырық әкелуімді сұрады. Жедел жәрдем келгенше ойланбастан ішке түсіп, оларды шығарып алдық", – дейді аға сержант Ерзат Баймулаев.

Жедел жәрдем бригадасы жұмысшыларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Тексеру нәтижесінде олардың денсаулығына айтарлықтай зиян келмегені анықталды. Қызметкерлер жұмысқа қайта кірісті.

Облыстық жылу электр орталығы жылу желілерін жылыту маусымына дайындау жұмыстары қалыпты режимде жалғасып жатқанын хабарлады.