Current Date: 11-09-2025

Трамп қастандық жасалған жақтасының қаза тапқанын хабарлады

Чарли Киркке шамамен 200 метр қашықтықтан оқ атылған.

Трамптың қолдаушысына АҚШ-тағы Юта штатында сөз сөйлеп тұрған сәтте қастандық жасалған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді оның қаза тапқаны белгілі болды. Мұны АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеп отыр.

Utah Valley университетінің кампусындағы шабуылдан соң Чарли Кирк мойнынан жарақат алып, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген-ді.

Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жақтасының отбасына қайғырып, көңіл айтты.

– Ұлы әрі аңызға айналған Чарли Кирк енді жоқ. АҚШ-та жастарды одан артық түсініп, қолдаған жан болған емес. Оны барлығы жақсы көрді, оған тәнті болды, әсіресе мен. Енді ол арамызда жоқ. Мелания екеуміз жұбайы Эрикаға және отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Чарли, біз сені жақсы көреміз! – деп жазды АҚШ президенті.

31 жастағы Чарли Кирк – танымал подкаст жүргізуші әрі Дональд Трамптың белсенді қолдаушысы әрі жақтасы. Ол мектептер мен университеттерде консервативтік құндылықтарды насихаттау мақсатында Turning Point USA студенттік қозғалысын құрып, осы бағытта жұмыс істеген еді.

Жергілікті билік белсендіге қастандық жасаған күдіктінің әуелде ұсталғанын хабарлады, бірақ кейіннен оқ атқан адамның әлі қолға түспегені мәлім болды.