Бек Нұрмағанбет мансабында 15 жекпе-жектің 13-ін нокаутпен аяқтаған тәжірибелі боксшы.
Қазақстандық супер орта салмақтағы боксшы Лас-Вегаста Fontainebleau қонақүйінде өткен бес жекпе-жектен тұратын шоуда өнер көрсетті. Бұл кеш Канело мен Теренс Кроуфорд арасындағы супержекпе-жек алдындағы шаралардың бірі болды.
Нұрмағанбет 31 жастағы америкалық Стивен Самптерге (11-2-1, 9 КО) қарсы шаршы алаңға шықты. Он раундқа жоспарланған жекпе-жек бар болғаны үш раундқа созылды. Екінші раундта Нұрмағанбет нокдаун жасады. Ал үшінші раундтан кейін қарсылас жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
27 жастағы қазақстандық былғары қолғап шеберінің еншісінде енді 15 жеңіс (13-і нокаутпен), бірде-бір жеңіліс жоқ. Бұл оның Солтүстік Америкадағы тоғызыншы жекпе-жегі болды. Бек – Канелоның тұрақты спарринг-серіктесі, ал оның мүддесін Канелоның бапкері әрі менеджері Эдди Рейносо қорғайды.
Айта кетейік, WBA рейтингінде Нұрмағанбет қазір 11-орында тұр.