Current Date: 11-09-2025

Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты басталады

13 қыркүйекте Жапонияның астанасы — Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты басталады. Ол жарыс тоғыз күнге созылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күн шығыс елінде жалауы желбірейтін жарыста Қазақстанның бес жеңіл атлеті өнер көрсетеді. Олар – Нора Джеруто (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Дейзи Джемпкемей (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 10 000 метрге жүгіру), Ясмина Тоқсанбаева (спорттық жүріс, 20 шақырым), Галина Якушева (спорттық жүріс, 35 шақырым) және Полина Репина (спорттық жүріс, 35 шақырым). Міне, осы бес спортшымыздың ең болмағанда біреуі Токиода жеңіс тұғырына көтерілсе, соның өзі біздер үшін үлкен олжа болмақ.

Соңғы әлемдік дода 2023 жылы Мажарстанның астанасы – Будапеште өткен еді. Аталған жарыстың жалпы командалық есебінде АҚШ құрамасы жеке-дара көш бастады. Америкалықтар 29 (12 алтын+8 күміс+9 қола) жүлде олжалады. Екінші және үшінші орындарда Канада (4+2+0) мен Испания (4+1+0). Сонымен қатар, ТОП-10-дықтың қатарына Ямайка (3+5+4), Кения (3+3+4), Эфиопия (2+4+3), Ұлыбритания (2+3+5), Нидерланд (2+1+2), Норвегия (2+1+1) және Швецияның (2+1+0) спортшылары қосылды. Өкінішке қарай, ол додадан Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтты.