Димаш Құдайбергеннің анасы, әнші Света Айтбаева отбасындағы жақсы жаңалықтың ауылы алыс емес екенін айтты.
Бұл туралы ол Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Өнер иесінің анасы той күтіп жүргенін жасырмады.
«Бұйырса, кез келген ата-ана армандайды ғой. Біздің балаларымыз өсті, Димаш та біраз жасқа келді, оң-солын таныды. Қызымыз Раушан да биыл оқуын бітіріп, дәрігерлік жолды таңдайын деп жатыр. Мансұрдың өзі 18-ден асты. Сондықтан бұйырса, биыл той болатын шығар деп күтіп жүрміз», — дейді ол.
Сондай-ақ, әлемдік жұлдыздың анасы тіл-көзден қалай сақтанатынын да жасырмады.
«Біз, қазақ наным-сенімге, ырымға сенетін халықпыз ғой. Құлап қалса, сол жерден алып, ұшықтаймыз. Баланы бесікке салатын кезде аластаймыз. Сахнаға шығып, бір жерге барып келсек, бізге аналарымыз әлі күнге дейін тұзға түсіп ал деп айтады. Біз де соны көріп өскеннен кейін, балаларымыз кішкентай кезде солай жасадық. Қазір енді олар кейде бізді тыңдамайды. Бірақ, қазақтың ырымы тегін емес, онда үлкен мән-мағына жатыр. Қолдан келгенше жасауға тырысамыз. Бірақ Димаш та, Раушан да қолымызға тимей жатады. Әжесі өзі дұғасын оқып, балалардың тілегін тілеп отырады. Осыдан артық қолдау жоқ деп ойлаймын», — дейді ол.