9 наурыз күні Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты басталды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Жеңіспен басталған жарыс жолы
Бас бапкер Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына түрлі салмақ дәрежесіндегі 12 боксшымен аттанған еді.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының өкілдері екі жекпе-жек өткізді.
Екі жекпе-жекте де біздің қаракөздер жеңіске жетті. 50 келі салмақ дәрежесінде Алуа Балқыбекова кениялық Вероника Нзиваны жеңсе, 81 келіден жоғары санатта Елдана Тәліпова өзбекстандық Олтин Сотимбоевадан басым түсті.
Жарыстың екінші күні
10 наурызда шаршы алаңға Анита Әдішева (52 келі) мен Жайна Шекербекова (54 келі) шығып, Қазақстан құрамасы екі жекпе-жек өткізу керек еді. Алайда, федерацияның хабарлауынша, Жайна Шекербекованың қарсыласы (бейтарап команда өкілі) жекпе жектен бас тарқан. Осылайша, 54 келі салмақ дәрежесіндегі Қазақстан боксшысы әлем чемпионатының 1/8 финалына өтті.
Ал, 52 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз 19 жастағы Анита Адишева әлем чемпионатының алғашқы айналымында мексикалық Патино Хуареске жол берді. Бұл — Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы жеңілісі болды.
11 наурызда ел намысын кімдер қорғайды
Бүгін Қазақстан құрамасының алты спортшысы шаршы алаңға шығады. Олар:
— 50 келіге дейін: Алуа Балқыбекова – Ясмин Мутаки (Марокко)
— 54 келіге дейін: Жайна Шекербекова – Жанет Алонсо (Мексика)
— 60 келіге дейін: Виктория Графеева – София Легаки (Греция)
— 63 келіге дейін: Аида Әбікеева – Чжао Шоюй (Қытай)
— 66 келіге дейін: Жасмин Кизатова – Ивануса Гомес (Кабо-Верде)
— 81 келіге дейін: Гүлсая Ержан – Вансяо Мэн (Қытай)
Жекпе-жектер Астана уақытымен 18:00-де басталады.