Current Date: 14-03-2025

Қатерлі ісікті емдейтін отандық препарат нарықққа шығады

Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметте өткен брифингте 2025 жылдың соңына қарай қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі-дәрмекті тіркеу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, екінші деңгейдегі клиникалық сынақтар қарқынды жүріп жатыр.

Былтыр біз бірінші деңгейдегі клиникалық сынақтарды аяқтадық. Қазір жұмыс істейтін науқастар саны артты. Қатерлі ісіктің барлық түріне тексеріп жатырмыз. Былтыр тек тоқ ішек қатерлі ісігі тексерілсе, қазір онкологияның барлық түрі қамтылды. Осы жылдың соңына қарай осы препаратты тіркеп, нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз, — деп толықтырды Саясат Нұрбек.

Министр препараттың нәтижелері өте жақсы екенін де алға тартты.

Ісіктер орта есеппен 30%-ға азайды және осы препаратты сынауға арнайы процедура бойынша қатысқан науқастарда ремиссия басталды, — деп қорытындылады Саясат Нұрбек.