2025 жылдың басынан бері Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдермен 443 мыңнан астам адам қамтылды. Төлемдердің жалпы сомасы 570,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлгінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бала туғанда берілетін жәрдемақы
Ал бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен барлығы 41,7 млрд теңге сомаға 230,8 мың адам қамтылды, оның ішінде тамыз айында 5,3 млрд теңге сомасын 29,2 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер құқылы.
2025 жылы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
– бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы
Жыл басынан бері 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша 29,1 млрд теңге сомасындағы жәрдемақы орта есеппен 124,3 мың адамға берілді, оның ішінде тамыз айында сомасы 3,7 млрд теңге болатын жәрдемақыны 125,8 мың адам алды.
Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға индекстелген.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы жәрдемақы:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
- екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
- үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер
МӘСҚ-тен жыл басынан бері сомасы 210,6 млрд теңге біржолғы төлемді 148,3 мың адам алды, оның ішінде мамыр айында 20 млрд теңге 18,6 мың адамға берілді. 2025 жылдың 5 айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 500 347 теңге.
Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40 пайызы. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2025 жылдың 8 айында 289,3 млрд теңге болатын бұл төлем 170,4 мың адамға тағайындалды. Оның ішінде төлем тамыз айында 19,6 мың алушыға тағайындалды, төлемнің сомасы мамыр айында 35,1 млрд теңг болды. 8 айдағы төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 87 849 теңге.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
