Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының өкілдері әлеуметтік желілерде Қазақстан мектептеріне қарулы шабуыл жасауға дайындық жүргізіліп жатқаны туралы қауесеттерге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының ресми Telegram-каналындағы ақпаратқа сәйкес, “Қазақстан мектептеріне қарулы шабуыл жасауға дайындық жүргізіліп жатыр” деген сипаттағы хабарламаларды жариялап жүрген беймәлім тұлғалар атынан таратылатын анонимді каналдар тобының белсенділігі анықталып, тіркелген.
ІІМ тарапынан аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат ретінде ресми түрде теріске шығарылды.
“Аталған жалған хабар тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, — делінген орталық хабарламасында.
Сондай-ақ, орталық қызметкерлері ұқсас мазмұндағы хабарламалар 2024 жылы Қазақстан аумағында да тіркеліп, мессенджер платформаларының әкімшілігі тарапынан шұғыл түрде жойылғанын хабарлады.
“Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының сараптамалық бағалауына сәйкес, жалған террористік ақпарат таратушылар халық арасында қорқыныш пен үрей туғызуға, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретуге, қоғам мен арнайы қызметтердің жалған қауіптерге қалай әрекет ететінін тексеруге тырысады. Бұл – кейінгі фейктер мен алып-қашпа әңгімелердің таралуына негіз қалыптастыру әрекеті”, — деді орталық өкілдері.
Олар қазақстандықтарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпаратқа сенуге және арандатуға ермеуге шақырды. Егер осы тектес күмәнді хабарламалар немесе жазбалар алған болсаңыз — дереу құқық қорғау органдарына немесе басқа да құзыретті мекемелерге хабарлауыңыз керек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
