Current Date: 14-03-2025

Шарада су қоймасы 90 пайызға толды

Өңірде жалпы 20 өзен, 42 су қойма бар.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзіне сүйенсек, бүгінде көктемгі су тасқыны бойынша өңірдегі жағдай тұрақты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Департаментте тәуліктік кезекшілік штабы ұйымдастырылған. Су шаруашылығы нысандары тұрақты түрде мониторингтен өтіп жатыр.

"Су қоймалардың толуы – 43 пайыз. Таулы аудандарда 2-4 см аралығында тоң қату байқалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Наурыз айында ауа температурасы жоғары, яғни түнде 3+6, күндіз 15+25 0С дейін жылы болатыны көрсетілген. Сырдария өзенінің жағдайы тұрақты бақылауда. Шардара су қоймасының толуы – 90 пайыз немесе 4 669 млн текше метр. Су қоймаға секундына 734 текше метр су қабылданып, 565 текше метр Сырдарияға тасталып жатыр", — делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратында.

Бүгінде өңірдегі қашыртқы арналар мен арықтар, жол бойындағы су өткелдері механикалық тазалаудан өткен. Инертті материалдар да дайын. Көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жалпы 1064 жеке құрам, 124 техника, 11 қайық пен 92 мотопомпа дайындыққа келтірілген.