Қазақстандықтар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға үлес қоса алады. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram-дағы арнасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерлан Қарин жазуынша, президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік e-Otinish платформасында және eGov сервисінде азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жинау ұйымдастырылады.
Ел тұрғындары “Парламенттік реформа” атты арнайы бөлімге ұсыныстарын жолдап, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға үлес қоса алады.
“Парламенттік реформаны мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог арқылы жүзеге асыру мемлекет басшысының “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының қағидаттарына толық сәйкес келеді”, — дейді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, кеше Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйлеген мемлекет басшысы e-Otinish және е-Gov порталдары арқылы келіп түскен барлық ой-пікірді сараптап, зерделеу қажет екенін айтқан еді.
“Біз әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеруіміз керек. Ата заңға енгізілетін әрбір өзгеріс мұқият пысықталып, дайындалуға тиіс. Әр баптың, әр норманың мән-мағынасына терең бойлаған жөн, яғни құқықтық, процедуралық мәселелерді нақты айқындап алуымыз қажет”, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
