Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Жаңалықтар

Атырауда тарақан басып, қоқысқа лық толған пәтерде тұрған екі балақай қауіпсіз жерге көшірілді (видео)

Атырауда күл-қоқысқа толы пәтерден екі кішкентай бала табылды. Олар қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды “Астана” арнасы.

Ал пәтердегі тау болып үйілген қоқысты “Арнаулы автобаза” мамандары шығарып, тауыса алмай жатыр. Кем дегенде 7-8 КАМАЗ толады дейді.

Мамандар әлсін-әлсін дизенфекция жасауда. Ішінен техникалық бұйымдардан бастап, тамақ қалдықтары, тіпті малдың басы-сирағы мен терісі де шыққан. Іріп-шіріп жатқан пәтерде құрт-құмырсқаның неше түрі өріп жүр. Қолқаны қапқан иістен подъезге бас сұғудың өзі мүмкін емес.

Пәтер иесі 50 жастағы ер адам екінші әйелімен бірге тұрған. Жаздан бері қызы күйеуімен ренжісіп, екі баласымен осы үйді паналап жүр екен. Орталық мамандары алып кетуге келгенде үстерінде жәндік өріп жүрді, дейді.

“Азаматтар өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық мекемесіне уақытша орналастырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған екі баланы полиция басқармасының қызметкерлері сәбилер үйіне, екінші баланы Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу оратлығына орналастырды”, — дейді Отбасын қолдау орталығының директоры Шолпан Қоңырова.

Жағымсыз иіске тұншыққан көршілері бұған дейін бірер мәрте полицияға шағымданған көрінеді. Құқық қорғаушылардың оған неге назар аудармағаны анықталып жатыр. Ал жақында бұл үйден су кетіп, екінші қабаттағы көршілері ескертуге келген. Есікті ешкім ашпаған соң, полиция шақырып, осындай жағдайдың үстінен түскен.

Қазір азаматтардың құжаттары түгенделіп, денсаулығы тексеріліп жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2300952-atyrauda-taraqan-basyp-qoqysqa-lyq-tolgan-paterde-turgan-eki-balaqai-qauipsiz-zherge-koshirildi-video/