«Хабар» арнасы ұсынған бірегей жоба «Азамат» интеллектуалды пікірсайыс бағдарламасының телевизиялық түсірілімі аяқталды. Жаңа форматта шығатын тележоба көрермендерге білімді, парасатты әрі жалынды жастардың тартысты сайыстарын паш етпек. Ондаған жыл бұрын «Хабарда» шыққан «Азамат» жобасынан қазіргі күні ел ісіне араласып жүрген танымал тұлғалардың тұтас буыны қалыптасқанын айта кеткен жөн. Арасында Парламент депутаттары мен министрлер де бар. Олардың біразы жобаға төрешілік етіп, жастарға жол көрсетті.
Үкімет пен оппозиция. Бір тақырып, бес мәселе. Он ұсыныс пен жүз шешім. Бағдарламаның жүргізушісі де бұрынғы пікірсайысшы. Төрешілер де дебаттан шыққан дүлдүлдер. «Хабар» арнасы 15 жылдай үзіліп қалған игі дәстүрді қайта жаңғыртты. Жаңа студия, жаңа тұлғалар мен жаңаша формат. Өзгермеген бір-ақ нәрсе – пікір сайыстың маңызы. Оның азаматтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі. Мәселен, Саясат Нұрбек студенттік шағында пікірсайысшы болған. Қазір министр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Кез келген адам азаматтық журналист деген бір ұғым пайда болды. Феномен пайда болды. Кім бірінші жетеді. Кім бірінші өз пікірімен, өзінің субъективті пікірімен ақпаратты береді, сол жеңді деп айтуға болады. Екінші жақ былай қарасаңыз соңынан берілген ақпарат жағынан ол ақтау ретінде көрінеді. Болды, пікір қалыптасты. Теріс болған, субъекивті пікір кетіп қалады. Сондықтан осындай алаңдар пайда болуы өте маңызды. Біз пікірсайыс мәдениетін кішкентай мектептерден оқытуымыз керек. Осындай алаңдардың пайда болуы – ол жалпы қоғамымызда ақылдасу, пікір алмасу мәдениетін қайтарады деген үлкен үмітіміз бар.
Кезінде «Хабардан» шыққан «Азамат» бағдарламасы телевизиялық жоба шеңберінен шығып, білімді жастар арасында интеллектуалдық мүддеге біріккен үлкен қозғалыстың туындауына түрткі болды. Сондықтан оны үлкен экранға шығаруға депутаттар да, Үкімет те мүдделі.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 24 жылы бюджетті қарастырғанда біз осы азамат жобасын қолға алайық деген ұсынысты бердік. Мәдениет министрлігі оны қолдап, Хабар арнасы қолдап, мінеки біз финалды өткізіп жатырмыз. Шын мәнінде бұл өте маңызды. Өйткені дебат деген не? Көп азаматтар оны жай ғана жастардың ойыны деп ойлайды. Бұл ойын емес, бұл бірінші кезекте білім беру технологиясы. Сыни тұрғыда ойлау. Зерттеу және басқа да маңызды дағдыларды жастарға береді.
Араға 15 жыл салып, телевизияға қайта оралған жобаның басты ерекшелігі – пікірсайысшылардың өздері. Олар жаңа заманның жастары.
Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өте жоғары деңгейде. Біріншіден, жастарымыздың тілдік қоры өте жоғары. Эмоцияларын сақтай білу мәселесі өте жоғары. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бағдарлама өте жақсы әрленген. Формат өте жақсы. Заманауи форматта, кең залда, кең аудиторияда. Менің ойымша, бұдан артық қандай мүмкіндік жасау керек жастарға?! Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік және тәжірибе.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Пікірсайысшылардың арасынан шыққан тұлғалар өте көп. Асхат Аймағамбетов бар, Саясат Нұрбек бар, Елнұр Бейсембаев бар. Көп. Осындай жақсы кадрлар дайындайтын саясатқа, Үкіметке басқа да бір жұмыстарға да, дайындайтын сондай бір «кузница» деп айтуға да болады.
«Азамат» инттелектауалды бағдарламасы Наурыз мерекесінде көрерменге жол тартады. Жоба жыл аяғына дейін «Хабардың» эфирінен көрсетіледі.
Берік Дүйсенбай, Болотбек Табалдиев