Current Date: 14-03-2025

Павлодар облысының Аққулы ауданында құтқару бөлімшесі ашылды

Павлодар облысының Аққулы ауданында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды.

Бірегей кешен республикалық маңыздағы «Омбы-Майқапшағай» тасжолының бойында орналасты. Нысанда өрт сөндіру бөлімі, апаттар медицинасы орталығының трассадағы құтқару пункті бар. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жөндеуден өтіп, толық жабдықталған кешенді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов көріп қайтты.

Әмбебап құтқару кешенінің облыс орталығынан 100 шақырымда жатқан Аққулы ауданында ашылуы тегін емес. Бірінші кезекте өңірдің стратегиялық маңызы ескерілген. Аққулы арқылы «Омбы-Майқапшағай» республикалық маңызы бар тасжолы өтеді. Орталық Павлодар облысының аумағымен бірге «Семей орманын» да қамтиды.

Шыңғыс Адалболов, Аққулы ауданы ТЖБ бастығы:

-Өздеріңіз көріп отырғандай 18-өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты жөнделіп ашылуда. Енді бұл бөлімшені ерекше деп айтуға болады. Өйткені бұл бөлімде жедел құтқару жасағы, трасса-медикалық, медициналық құтқарушылар шоғырланған. Бұл бізге төтенше жағдайларда әрекет етуге себін тигізеді.

Бұл осымен еліміз бойынша ашылған үшінші кешен. Нысан төтенше жағдайдың салдарын жоюға қажет заманауи техника және құралдармен жабдықталған. Аумағында зардап шеккендерді шұғыл эвакуациялау және құтқару жасақтарын шалғай аудандарға жедел тасымалдауға арналған тікұшақ алаңы бар.

Сәкен Әріпбаев, ҚР ТЖМ Апаттар медицина орталығының басшысы:

- Бұның жол-көлік оқиғасы кезіндегі тиімділігі, барлығы бірге шығады жаңағы шақыртуға, көмек көрсету барысында мысалы медицина мамандары жаңағы адамға көмек көрсетсе, ол жерде жаңағы қысылып қалған, және мынау өте күрделі жол — көлік оқиғасы болған кезде құқарушылар арнайы құтқару аппараттарымен сол кісілерді сол жерден алып шығады. «Алтын сағат» қағидасына біз сүйеніп отырамыз. Ол дүниежүзілік қағидат.

Әмбебап орталықта мамандар тәулік бойы кезекшілік етеді. Екі қабатты ғимаратта жеке құрамға қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылған. Демалатын бөлмелер, жуынатын орын, ас үй, сондай-ақ арнайы техникаға қызмет көрсету үшін техникалық аймақтар қарастырылған.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Біздің ТЖМ-ның бағдарламасы бар «Ауыл құтқарушылары» деген. Сол бағдарламаға сәйкес барлық деполар бүгін жаңағы Астана, Алматы сияқты сондай жағдайда болуы керек. Шалғай ауылдардың деполарын сондай деңгейге жеткізуіміз керек. Әлі де мұқтаж, қажет біраз елдімекендер бар. Соның бәрін бірте-бірте осылайша, қадам-қадаммен жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

Әмбебап құтқару орталығының ашылу салтанатында Төтенше жағдайлар министрі қызметкерлерге арнайы техника кілті мен алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ ТЖД-ның бірнеше қызметкеріне кезектен тыс шен берілді.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков