Current Date: 15-03-2025

Мемлекет басшысы Дариға Тілендиеваның дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты

Актриса 80 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі композитор, "Отырар сазы" ұлт аспаптары академиялық оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тілендиевтің жары, белгілі мәдениет қайраткері Дариға Тілендиеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Бұл туралы Aqorda Telegram арнасы хабарлады.

Дариға Тілендиева кеше 80 жасқа қараған шағында өмірден өткен болатын. Суыт хабарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, талантты актриса, күйші, сазгер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиеваның өмірден озуына байланысты қайғыра көңіл айтамыз. Дариға Тілендиева ұлттық мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті өнер иесі. Ол Халық қаһарманы, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің өмірлік жары ғана емес, сазгердің шығармашылық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген тұлға болды. Дариға Тілендиева "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген "Алты жасар Алпамыс", "Құлагер", "Ақ машина", "Жамбылдың жастық шағы", "Қоштасқым келмейді" сынды көркем фильмдері арқылы, ұлттық кино өнерінде өшпес із қалдырды. Оның өнері мен рухани мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады", – деп жазды оркестр ұжымы.


Оқи отырыңыз: Нұрғиса Тілендиевтің жары, актриса Дариға Тілендиева өмірден озды