Current Date: 15-03-2025

Ұлттық құрылтай ұзақмерзімді елдік шешімдер қабылдауға септеседі - Серік Егізбаев

– Серік Рахметоллаұлы, жақын арада Ұлттық құрыл ­тайдың кезекті отырысы өтеді. Құрылтай мүшесі ретінде сіз осы алаңның екі отырысы­на қатысқан едіңіз. Сіздің ойы­ңызша, бұл форумның біре­гей­лігі неде?

– Ең алдымен, Президент өз ойы мен идеяларын қоғамға жет­кізу үшін бірнеше алаңды пайдаланатынын атап өткен жөн. Ал­ғашқысы, әрине, Парламент­те жарияланатын Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы жолдаулары. Жолдаулар аясын­да Мемлекет басшысы бүкіл депутаттық корпус пен Үкіметке азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған заңнамалық актілер мен шешімдерді қабылдау бо­йынша міндеттер жүктейді. Келесі маңызды форма – Үкі­меттің кеңейтілген отырыстары. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы министрлер мен әкімдердің назарын нақты жұмыс бағыттарына шо­ғырландырады. Ал енді Ұлт­тық құрылтайға келер болсақ, бұл – Президенттің қоғаммен тікелей диалог жүргізетін алаңы. Сон­дықтан менің ойымша, құрылтай ұлттық бірегейлікті нығайтуға және қоғамды топтастыруға ба­ғытталған толыққанды платформа ретінде үлкен маңызға ие.

Сондай-ақ құрылтай билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогті қамтамасыз етіп, ең өзек­ті мәселелер бойынша ымыралы шешімдер әзірлеуге ықпал етеді. Демек, бұл алаң – халықтың өз ұстанымын білдіруіне және шешім қабылдау үдерістеріне ық­пал етуіне мүмкіндік береді. Мысалы, 2024 жылы Атырауда өткен үшінші отырыстың қоры­тындысы бойынша 9 заң қабыл­данды. Олардың ішіндегі ең ма­ңыздылары – әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құмар ойын бизнесін реттеу, есірткі өндірушілерінің жауап­кершілігін күшейту, т.б. Яғни құ­рылтай – бүкіл қоғамға мемлекет саясатын қалыптастыруға қа­ты­суға мүмкіндік беретін шынайы механизм. Бұл билікпен өзара іс-қимылды анағұрлым қолжетімді әрі ашық етеді. Осы­лайша, Ұлттық құрылтай ел­дің болашағына ық­пал ететін ұзақ­мерзімді стра­тегия­лық ше­шімдерді әзірлеуге және қабыл­дауға ықпал етеді.

– Сіз Ұлттық құрылтай мү­шесі ғана емес, «Ауыл» пар­тиясының төрағасысыз. Осын­дай саяси тәжірибеңізге сүйене отырып, елімізде жүр­гізіліп жатқан реформалар жө­нінде не айтар едіңіз?

– Өте маңызды әрі өзекті сұрақ қойдыңыз. Бірақ оған жауап бермес бұрын мен экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Джон Нэш туралы айтқым келеді. Айтпақшы, оның өмір тарихы «Ақыл ойыны» фильміне негіз болды. Профессор Нэш 1949 жылы «Ойындар тео­риясын» әзірледі, оған сәйкес ықтимал әрекеттер санына қарай ойындарды шекті және шексіз деп бөлуге болады. Егер шекті ойында ықтимал әрекеттер саны шектеулі болса, шексіз ойында керісінше. Шын мәнінде, «Ойындар теориясы» әмбебап, сондықтан ол маңызды. Оны кез келген салаға – саясат, бизнес, білім беру және тағы басқасына қолдануға болады. Саясатта бұл теорияны саяси режімдер арқылы көрсетуге болады. Бүгінде кең таралған режімдер – авторитаризм және демократия. Ойындар теориясына сәйкес, авторитаризм – шекті ойын. Себебі авторитарлық режімдер белгілі бір тұлғалар мен элиталарға не­гіз­деледі. Соның салдарынан мұн­дай режімдерде биліктің кез кел­ген ауысуы ұзаққа созылады, ауыр дағдарыстарға әкеледі, нәтижесінде қоғам түбегейлі өз­гереді. Мұндай режімдердің айқын мысалдары – С.Хусейн ке­зіндегі Ирак, М.Каддафи ке­зіндегі Ливия, Асад әулеті кезіндегі Сирия және У.Чавес билігі тұсындағы Венесуэла. Ал демократия – шексіз үдерістегі электоралдық цикл түріндегі шек­ті ойындардың тізбегі. Демек демократиялық режімдер кез келген өзгеріске төзімдірек. Демо­кратиялық режімдерде шексіз ойынға қатысушылардың жаулары жоқ, олар – тек бірге дамитын басқа ойыншылар-серіктестер.

Сіздің сұрағыңызға оралсам, Президент ауқымды жұмыс жүр­гізіп жатқанын атап өткім келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы жүзеге асырып жатқан реформалар – азаматтардың сұраныстары мен елдің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген жүйелі стратегия. Қа­зіргі саяси реформаларды тал­дай отырып, Президент кез кел­ген сын-қатерлер мен қауіп-қатер­лерге төзімді саяси жүйені қа­лып­тастырып жатқанын се­нім­мен айтуға болады. Бұл бағыт­тағы ма­ңызды қадамдарға «супер­пре­зи­денттік» басқару үлгісінен бас тарту, заң шығарушы биліктің рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту,т.б. жатады. Осы өзгерістердің не­гізгі мақсаты – саяси жүйенің өзін-өзі реттейтін және өзін-өзі басқаратын жүйеге айналуы. Бұл ретте Мемлекет басшысы тұрақты әрі төзімді жүйенің негізін қалады.

– Сонда қоғамның, азамат­тық қоғам институттарының, сайып келгенде, саяси партия­лардың рөлі қандай болуы керек?

– Меніңше, қазіргі басты мін­де­тіміз – Қасым-Жомарт Кемел­ұлының бастамаларын то­лық жү­зеге асыру. Дәл қазір қо­ғам бұл бастамаларды қолдау үде­рісінде ұжымдық жауапкер­ші­­лік танытуға тиіс. Ұжымдық жауапкершілік – бірлік пен тұ­рақтылықтың, заң мен тәртіптің негізі, өйткені барлық қатысушы ортақ ұстаныммен әрекет ете­ді. Реформаларды белсенді қол­дау тек әлеуметтік желілерде пі­кір білдірумен шектелмей, толық­қанды іске қосылуды қажет етеді. Осылайша, барлық азаматтық және саяси институттар «Әділетті Қазақстанды» құру ісіне мүдделі бо­лып, оған белсене қатысуы керек.

Президент мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға және оның жұмысын жақсартуға күш салып жатқанына қарамастан, бюро­кратия әлі де саяси өмірдің ма­ңызды аспектісі болып отыр. Бұл құбылыс дамушы демо­кра­тия­ларға тән екенін атап өткен жөн. Менің ойымша, цифрлан­дыруды енгізу, басқару үдерісте­рін автоматтандыру және орта­лық­сыздандыру бюрокра­тия­ны жоюға септігін тигізеді. Бұл ре­формаларды жүзеге асыру барысында халықтың барынша кеңі­нен тартылуы аса маңызды. Себебі қоғамның пікірін ескеру және кері байланыс орнату – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын шынайы іске асырудың басты жолы.

– Қазіргі кезде Президент айтқан идеологиялық тұғыр­лар­ды қоғамда насихаттау және орнықтыру өте маңызды. Бұл ретте «Ауыл» партиясы заман ағымынан қалыспай, нық қадам басып келеді деп айтуға болады. Алайда қоғам­да «Ауыл» – егде жастағы адам­дардың партиясы деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

– Иә, мұндай стереотип бар және оның негізі жоқ емес. Бұрын партия құрамында негізінен аға буын өкілдері көп болатын. Бұған белгілі бір себептер де болды. Себебі «Ауыл» партиясының институционалдық негізін ауыл шаруашылығы саласындағы ғы­лыми зерттеу ұйымдары құрады, ал олар, әдетте, ғалымдар мен оқытушылардан тұратын. Бұлар – өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол, ел ішінде ғана емес, шетелде де танымал тұлғалар еді. Дегенмен біз кез келген тәжіри­бенің құн­дылығы оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде екенін тү­сінеміз.

Сондықтан да партия қатарын жасарту бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр­мыз. Мысалы, кейінгі партия съезінің қорытындысы бойынша пар­тияның басшылық құрамы­ның орташа жасы шамамен ­60 жас­тан 50 жасқа дейін төмендеді. Егер бұрын партияның Саяси ке­ңесінде жастар санатына жататын небәрі екі адам болса, қазір олардың саны онға жетті, яғни бұл кеңес мүшелерінің 20%-ын құрайды. Сондай-ақ біз жас­тарды партия басшылығына ғана емес, жер­гілікті деңгейде де бел­сен­ді түрде ілгерілетіп келе­міз. Бұл жұмыс қазірдің өзінде өз нә­тижесін беріп отыр. Мыса­лы, қаңтар-ақпан айларында пар­тияға жаңадан қабылданған мүшелердің орташа жасы шамамен 33 жасты құрады.

Сонымен қатар біз «Ауыл жас­тары» жастар қанатының қыз­метін ерекше атап өткіміз келеді. Жастарымыздың жұмы­сы бұқаралық ақпарат құрал­дарын­да және әлеуметтік желі­лер­де кеңінен жарияланып жүр. Қа­зіргі жастар әлдеқайда ер­кін, мобильді және жылдам «жеңістерді» қалайды. Дәл осы себепті «Ауыл жастары» жұмысы жобалық қағидатқа негізделген, бұл өз кезегінде жастарды тартады. Мысалы, қазіргі уақытта біздің жастар қанатымыз 5 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Өткен жылы кейінгі 30 жылда алғаш рет студенттік құрылыс отрядтары құрылды. Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылған бұл құ­рылыс отрядтары көктемдегі су тасқыны салдарын жоюда өз­де­рін жақсы көрсетті. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауына ие болды. Биыл біз студенттік жастар отрядтарының география­сын кеңейтіп, салалық бағытын әртараптандыруды жоспарлап отырмыз. Аймақтардағы жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, құрылысшылар, механизаторлар, ветеринарлар, гидротехниктер, экологтер, медицина қызметкерлері, педагогтер, жолсеріктер, сондай-ақ сервис және клининг отрядтарын құруды көздеп отырмыз.

Екіншіден, жастар қанаты таби­ғи апаттардан зардап шеккен аза­маттарға көмек көрсету­ге бел­сенді қатысты. Олар су тас­қынынан зардап шеккен ауыл­дарға гуманитарлық көмекті ұйым­­дастырып, су тасқы­ны сал­­дарын жоюға атсалысты. Бұл жұ­мыстарға өңірлік филиалдардың 900-ден аса мүшесі және жас­тар қанатының 1 500 белсендісі қатысты.

Үшіншіден, жастар қанаты Президент Ұлттық құрылтайда айтқан кітап оқу мәдениетін қайта жаңғыртуға белсенді үлес қосып жатыр. Осы орайда Халықаралық кітап күніне арналған «Кітапқа екінші өмір сыйла!» атты акция ұйым­дас­тырылды. Нәтижесінде, елдегі 59 ауылдық елді мекен кі­тап­­­ханаларына 21 мыңнан аса­ кі­­тап тапсырылды. Бұл акция би­ыл және алдағы жылда­ры да жал­ғасады. Қазірдің өзін­­де бір­не­ше өңірде бастау алып,­ респуб­ликалық деңгейде кеңейтілді.

Келесі ірі жобалар қатарында жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттайтын «Ауыл ойындарын» атап өтуге болады. Мұндай шаралар жастардың денсаулығын нығайтып, ұлттық дәстүрлерді сақтауға ықпал етеді деп сенеміз. «Компьютерге екін­ші өмір сыйла!» жобасы арқылы ауыл балалары компьютерлік техникаға қол жеткізді. Бұл бас­тама жастардың білім деңгейін арттыруға және цифрлық технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Мұндай мысалдар пар­тияның жастар ортасында бел­сенді екенін және олардың дамуы­на үлес қосып жатқанын көр­сетеді. Сондықтан «Ауыл» партия­сын тек «үлкендердің партиясы» деп санау – қате. «Ауыл» партия­сы бұл – халықтың, оның ішінде жастардың да мүддесін қорғайтын ірі саяси құрылым.

– Бүгінде еліміз ауқымды өзгерістер жолында тұр. Осы өзгерістер аясында партияның болашағын қалай көресіз?

– Ғаламдық өзгерістер жағ­дайын­да біздің партия дәстүрлі құндылықтар мен заманауи тә­сілдерді үйлестіріп жатыр деп білеміз. Бұл – инновацияларға ашық болу, цифрлық технология­ларды белсенді енгізу және азаматтармен жұмыстың тиімділігін арттыру деген сөз.

Біз жасанды интеллекті бел­сенді түрде пайдаланып, оны партия жұмысына енгізіп жатырмыз. Оның негізінде партия мүшелері мен волонтёрлерге арналған оқыту бағдарламала­рын ұсынатын жүйе әзірленді. Цифрландыруға ерекше назар аударып, бүгінде барлық ішкі үдерістерді толық цифрлық форматқа көшірдік. Барлық жұмыс цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылады. Президент қоғам алдына қойған міндеттердің барлығын біз партия ішінде де енгізіп, жүзеге асырып келеміз.

Жалпы, партия қызметін азаматтар үшін барынша қолайлы етуге ұмтыламыз және жаңа цифр­лық жобаларды іске асыруды жал­ғастырамыз. Біз мұны қоғам­мен диалогті нығайту мүмкіндігі деп есептейміз. Сондықтан ком­муникациялық платформалары­мызды кеңейтіп, сарапшыларды тартып, азаматтық қоғам инс­титуттарымен сындарлы диа­лог жүргіземіз. Біздің басты мақ­сатымыз – Қазақстанның өркен­деуіне үлес қосу.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»