Current Date: 14-03-2025

ҚМДБ ауызашарда ысырапқа жол беруге қатысты мәлімдеме жасады

Діни басқарма мейрамхана мен кафе иелерін халыққа қолжетімді қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халық арасында ауызашар әдебіне қатысты түсініспеушіліктердің болуына байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Басқарма өкілдері ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді діннің құптамайтынын жеткізді.

"Өкінішке қарай, соңғы кездері еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафелер мен дәмханалардың иелері ауызашар мәзірінің бағасын өте жоғары ұсынып, халық арасында түсінбеушіліктің туындауына себепші болуда. Асыл дініміз ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет сауапқа емес күнәға жетелейді. Ауызашар дастарқаны қарапайымдылыққа негізделуі тиіс", – делінген ресми мәлімдемеде.

Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафелер мен тамақтану орындарының иелерін халыққа қолжетімді қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырды.


Оқи отырыңыз: Имам ас та төк ауызашарлар туралы: Сауап алу үшін аузы берік жанға бір түйір құрма ұсыну да жеткілікті