Мамандар теңіз жағалауына мониторинг жүргізген.
2025 жылғы 7-9 наурыз аралығында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдерімен және "Микробиология және вирусология" ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлерімен бірлесіп Каспий теңізінің жағалау жиегіне мониторинг жүргізген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі уақытта ауа райы жақсарды және итбалықтардың көпшілігі табиғи ортаға өздігінен оралды. Іздеу жұмыстары барысында мамандар 30-ға жуық жас итбалықтарды тауып, жинап, суға жіберді", — делінген Балық шаруашылығы таратқан хабарламада.
Одан әрі мониторингті жалғастыру үшін 12 наурызда жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен әуеден барлау жоспарланған. Ондағы мақсат-теңізден едәуір қашықтыққа кеткен итбалықтарды анықтау.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бейінді ведомствосының бақылауында.