Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийге Алматыда ескерткіш орнатуы мүмкін деген жаңалыққа қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Журналист депутаттан "Жириновскийке ескерткіш қойылады деп жатыр. Сіздің ойыңыз қандай?" деп сұрады.
Ақылға қонбайтын нәрсе. Бірақ Досаев сияқты әкімдер аман болса, ескерткіш қойылып та кетуі мүмкін. Алматы Жириновскийдің тарихи отаны дегені несі? Онда біз Оспан батырға Қытайда ескерткіш қоя аламыз ба? Қоя алмаймыз. Әркімнің өз мемлекеті бар шығар?! Заңда "Қазақстанның дамуына үлес қосқан адамдарға ескерткіш қойылады" деп нақты жазылған. Жириновскийдің біздің Қазақстанға не қатысы бар?, — дейді Ринат Зайытов Мәжіліс кулуарында.
Айта кетейік, 2026 жылы сәуір-мамыр айларында Алматыда ЛДПР негізін қалаушы Владимир Жириновскийге ескерткіш ашылады деген ақпарат тарады. Бұл туралы ТАСС ақпараттық агенттігі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, Саранск және Алматы қалаларында саясаткердің туғанына 80 жыл толуына орай ескерткіш орнату жоспарланған.
Баспада бар құжатқа сәйкес, Владимир Жириновскийге арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, сәуір-мамыр айларында ескерткіштердің салтанатты ашылуы өтеді, – делінген хабарламада.
Алматы қаласының әкімдігі ескерткіш орнату ұсынысы түспегенін мәлімдеді.
Алматы қаласының мәдениет басқармасына В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түскен жоқ. Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия тиісті ұсынысты қарастырған жоқ,- деді Алматы қаласының әкімдігі.