Оқу-ағарту министрлігі азаматтардың жеке деректерін жинау сылтауымен тұрғын үйлерді аралап, өздерін ведомство қызметкерлері ретінде таныстыратын белгісіз тұлғаларға қатысты жағдайды тіркеді. Қазақстандықтарға жеке ақпаратты бөгде тұлғаларға бермеу туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта желіде осыған байланысты бейнероликтер мен хабарламалар таралып жатыр.
Министрлік ведомство қызметкерлерінің үйлер мен пәтерлерді араламайтынын, олардың дербес деректерді жинамайтынын және мұндай әрекеттер үшін өз өкілдерін жібермейтінін мәлімдеді.
“Өзін министрлік атынан келдік деп таныстырып, құжаттар мен деректер талап еткен немесе үйге кірмек болған адамдардың министрлікке қатысы жоқ және олардың алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертеміз. Бұл адамдардың заңсыз әрекеттері үшін министрлік жауапты емес. Қырағылық танытып, мұндай жағдай орын алса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуларыңызды сұраймыз. Ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер”, — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
