Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реттеуге бағытталған заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Бұл бастаманы депутаттар А. Рау, Н. Сабильянов, Е. Смышляева, Ю. Кучинская және Б. Орынбасаров көтеріп, саладағы өзекті мәселелерді шешуге арналған бірқатар өзгерістерді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нұртай Сабильяновтың айтуынша, құжаттар Пәтер иелері кооперативтері (ПИК), мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) және қарапайым серіктестіктердің (ҚС) қызметін реттеуге, тұрғын үй басқару жүйесін жетілдіруге, қаржылық ашықтықты арттыруға, сондай-ақ саладағы әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
«Қарапайым серіктестік» ұғымы алынып тасталды. Бұдан басқа, ашықтықты арттыру үшін заң жобалары басқару субъектілерінің ақпараттық жүйелерде қаражаттың жұмсалуы мен жинақталуы туралы ай сайынғы есептілікті міндетті түрде орналастыру бөлігінде өзгерістер ұсынылған. Тұрғын үй инспекциясының өкілеттіктері кеңейтілген. Сондай-ақ, ілеспе заңдарда мүлік объектілерін басқару субъектілеріне салық салу тәртібі айқындалған және шоттарды ашу мерзімдерін бұзғаны, КЖТ-ға есептілікті, құжаттаманы ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген (50 АЕК)», деді Нұртай Сабильянов.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындылар ұсынған.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов заң жобасын бірінші оқылымда қолдауға шақырды.
«Жоғарыда айтылғандарға байланысты Сізден осы заң жобасын бірінші оқылымда қолдауыңызды сұраймын. Жұмыс тобы заң жобасын екінші оқылымға дайындау аясында жұмысын жалғастырады», деді ол.