Current Date: 15-03-2025

Мұрат Нұртілеудің Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесуі: Мәліметтерді ҚР Сыртқы істер министрлігі айтты

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2025 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Тараптар саяси диалог пен экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аудара отырып, кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады", – деп жазылған ресми хабарламада.

Сонымен қатар жаһандық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылықты қоса алғанда, бірқатар маңызды халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу болды.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты ынтымақтастықтың жоғары динамикасын қамтамасыз ету үшін тұрақты байланыстарды қолдауға келісті.

2025 жылдың 11 наурызында Украина мен АҚШ арасындағы келіссөздердің бірінші раунды аяқталды. Украина тарапынан Президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак, Сыртқы істер министрі Андрей Сыбиха және қорғаныс министрі Рүстем Умеров қатысты. Америка Құрама Штаттарынан – Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтц.