Қарағандыда көпқабатты үйде тұратын арбаға таңылған адамдар енді дәлізбен көтеріліп-түсуге көмектесетін қызмет түріне тегін тапсырыс бере алады, деп хабарлайды “Хабар” арнасы.
Ол үшін жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, арнайы көтергіш құрылғылар сатып алынған. Әлеуметтік жоба мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылды. Биыл оған қала бюджетінен 16 миллион теңге бөлінді. Бұл қызмет түріне сұраныс жоғары. Алдағы уақытта мұндай көтергіш құрылғылар өңірдің барлық қала, ауданына да сатып алынады.
Көтергіштерден бөлек, мүгедектігі бар жандар қаланың кез келген жеріне жеткізетін инватаксиді пайдалана алады. Қарағандыда мұндай көліктердің саны 130-ға жетті. Облыста 50 мыңнан астам мүгедектігі бар жан тұрады.
“Жаңа әлеуметтік жобаны енгізген болатынбыз. Бүгінгі күнде 50-ден астам адам бұл қызметті алып жатыр. Бұл енді инватакси қызметімен тығыз байланысты деп айтуға болады. Яғни инватаксиге тапсырыс бергенде осы жеделсаты қызметіне де тапсырыс бере алады”, — дейді Қарағанды қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бақытнұр Талипова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
