Мұнайлы өлкеде қолданыстағы үйлерге сұраныс жоғары.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы ақпанда тұрғын үй нарығындағы баға мен алып-сатулармен бөлісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бір жылдағы баға өзгерісі:
- Жаңа тұрғын үйлер – +4,8%
- Қолданыстағы пәтерлер – +5,4%
- Жалға беру – +12%
Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үйдің жылдық мәндегі бағасы Павлодар 16,3% және Көкшетау қаласында 15% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (18,7%), Қонаев (14,4%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында Талдықорған (31,1%), Астана (29,3%), Семей (22%) қалалары бастап тұр.
2025 жылғы ақпан айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 29 022 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 332 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 22 690 мәміле жасалды.
2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда ақпанда ең жоғары өсім Павлодар (+17,3%), Солтүстік Қазақстан (+11,9%) және Алматы (+9,3%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Қызылорда (-24,8%), Атырау (-23,9%) облыстарында және Астана (-12,9%) қаласында болды.